
"Халықаралық Сәтбаев қорының" қамқоршылар кеңесінің төрағасы, сенат депутаты Алтынбек Нухұлы Informburo.kz порталына берген сұхбатында геолог ғалым Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынды
Оның айтуынша, академик Қаныш Сәтбаев – ел тарихына алтын әріппен жазылған ұлы тұлға. Соғыс жылдарында Сәтбаевтың майдан үшін жасаған еңбегі әскери операциямен пара-пар бағаланған.
"Жезді марганец кенішін небары 38 күн ішінде іске қосып, алғашқы стратегиялық маңызды марганец кенін Орал мен Сібірдегі танк зауыттарына жөнелту – бұл тек геологиялық емес, тарихи ерлік. "Ұлы Отан соғысының тарихы" кітабында Жезді кенішінің маңызы турасында: "соғыстағы әр ісі операцияда жеңіспен пара-пар" деп көрсетілуі – соның дәлелі", – деді сенатор.
Оқи отырыңыз: Қаныш Сәтбаев Жезқазған кенін қаржыландыруға қалай қол жеткізді
Ол соғыс жылдарында Кеңес Одағы армиясы қолданған танктердің 80 пайызы Жезді марганецінен жасалғанын атап өтті. Әсіресе атақты Т-34 танкісінің сауытында Жезді марганеці қолданылды. Өйткені болатқа марганец қосылғанда, ол шынайы сауытқа айналып, жау снарядтарын өткізбейтін деңгейге жеткен.
"Сол секілді соғыста атылған әр он оқтың тоғызы – Қазақстанның қорғасынан, ал әр үшінші снаряд пен гильза – Жезқазған мысынан жасалғаны – Қаныш Сәтбаев ашқан қазба байлықтардың тікелей нәтижесі. Бұл көрсеткіштер ғылым мен геологияның, соның ішінде бір ғалымның – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың – Жеңіске қосқан орасан үлесін дәлелдейді. Осыны ескере отырып, Жеңістің 80 жылдығында Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағы берілуі керек. Бұл марапат Қанышқа емес, қазақ халқына, келер ұрпаққа қажет. Өйткені ол тек қазба байлықты емес, қазақ ғылымын, экономикасын, болашағын қалыптастырды", – деді Алтынбек Нухұлы.
Информбюроның Қаныш Сәтбаевтың Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі туралы зерттеу материалын осы жерден оқуға болады.